#unemde
Қазақстан Президенті Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Жиынға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейне байланыс режимі арқылы қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгін еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталғанын, бірақ дерттің таралуы бәсеңдемей тұрғанын атап өтіп, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын айтты.
– Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстануымыз керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуы қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне баса назар аударды.
– Менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның қаржы резерві жеткілікті әрі жұмыспен қамту және даму міндеттерін шешу үшін қажетті ресурстар бар екенін айтты.
– Дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқтала кетейін. Ең бастысы, барша қазақстандықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Сонымен қатар қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытудың, жұртты жұмыспен қамтудың, әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторы болуға тиіс.
– Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етуге арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырамын. Осыған орай дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 миллиард теңге бөлеміз. Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынады. Атап айтқанда 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пәтер. Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы негізінде толыққанды даму және қолдау көрсету бағытындағы «Отбасы банкін» құруға тиіс. Бұл құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою және үй беру тәртібін бір орталықтан жүзеге асыратын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу үшін пайдалану жөніндегі тапсырмасын 1 шілдеге дейін аяқтауды жүктеді.
Президенттің пікірінше, әлеуметтік әділдік үшін жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке кіріс салығының үдемелі өлшемін енгізу мәселесін пысықтау керек. Мақсат – еңбекақы төлеудің мейлінше кең тараған әрі жасырын тәсілін «көлеңкеден» шығару. Бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлеген азаматтарға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.
– Бұл азаматтардың өзімен-өзі қалып, қайтадан «көлеңкеге» кетуіне жол бермеу керек. Қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік қолдауға, әлеуметтік көмекке, лайықты зейнетақыға, ең алдымен, заңды жұмыс істеп, салық төлегендер ғана қол жеткізе алады. Сондықтан уақытша жұмыссыз қалғандармен қатар осындай азаматтар да Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономиканы несиелеу, төтенше жағдай кезінде мейлінше зардап шеккен салаларға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Президент өз сөзінде жаңа талаптарға жауап беретін денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы түбегейлі өзгерістерге ерекше назар аударды.
Мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту маңызды бағыт болып белгіленді.
– Орныққан жұмыс тәсілі ретінде Үкіметтің, министрліктердің, әкімдіктердің түрлі жиындарын қашықтан өткізуді ұсынамын. Қажетсіз рәсімдерді, келісімдер мен кеңестерді, уақыт пен қаражатты шығындайтын басқа да шараларды жою керек. Бұл тәжірибе ескірді. Электронды үкімет тұжырымдамасының мәнін қайта қарау қажет. Кеңес алу, анықтама алу, өтініш беру жөніндегі рәсімдер онлайн режиміне толық көшірілді. Ал «egov» жүйесінің тілін халық үшін қарапайым әрі түсінікті ету қажет, – деді Президент.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мәселесіне де тоқталды.
– Мақтаарал ауданының күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады. Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің Мемлекеттік комиссия отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.