#unemde

Нұр-Сұлтанда III Халықаралық энергия үнемдеу форумы өтті

2021 жылғы 28 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мәселелерді талқылау үшін жыл сайынғы басты диалогтық платформаны нығайту мақсатында III Халықаралық энергия үнемдеу форумы өтті.

Форумға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада, Дүниежүзілік Банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто, БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ  АҚ Стратегия, орнықты даму және цифрлық трансформация жөніндегі тең басқарушы директор Ернат Бердіғұлов, Dena Неміс энергетикалық агенттігінің атқарушы директоры Кристина Хаверкамп, сондай-ақ Германия, Жапония, Ресей және Қазақстанның халықаралық ұйымдары мен бизнес құрылымдарының жетекші сарапшылары қатысты.

Форумның күн тәртібіндегі негізгі мәселелер Қазақстандағы энергия үнемдеу саясатының 10 жылдық қорытындысы, энергия үнемдеудегі қазіргі заман шындығы мен сын – тегеуріндері, цифрландыру және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру энергия мониторингі-факторы, энергия тиімділігі стандарттары, энергия тиімді ғимараттар тақырыптарын қамтиды.

Бүгінде энергия тиімділігі - әлемдік экономиканың басты тренді болып табылады, ол экономиканы технологиялық және инфрақұрылымдық дамытудың, жаңғырту мен әртараптандырудың барлық аспектілерін, ең бастысы экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігінің өсуін қамтиды.

Қазақстан Республикасы да экономиканы жаңғырту және оның энергия тиімділігін арттыру бойынша өз алдына ауқымды мақсаттар мен міндеттер қояды. Бұл Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына енуі бойынша маңызды бағыты болып саналады. Тұтастай алғанда, жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 2008 жылғы деңгейден 2030 жылға дейін 30% - ға  және 2050 жылға қарай 2 есеге төмендету міндеті қойылды.

Қазақстанда энергия тиімділігі саясатының басталуы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске қосылуымен қатар жүзеге асырылуда. Экономиканы әртараптандыру, индустриялық даму бағдарламасының екі бесжылдығын іске асыру және энергия тиімділігі саясаты жөніндегі реформалардың арқасында 2019 жылы энергия сыйымдылығы 33%-ға төмендеп, Қазақстан энергия тиімділігі жөніндегі елдер рейтингінде өз позициясын жақсартты.

Энергия сыйымдылығын одан әрі төмендетуді қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында реттеудің жаңа тәсілдерін енгізуді көздейтін заң жобасын қабылдау жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2022-2026 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жол  картасы бекітіледі және Энергия тиімді жобаларды қаржылық қолдауды көздейтін БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп  Байланысты грант іске асырылады. Аталған шаралар экономика салаларының энергия тиімділігін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.