#unemde

Ақтауда алғашқы энерготиімді балабақшалар жұмыс істей бастады

Ақтау, бүгін 2017 жылғы 26 шілде Дүниежүзілік банк, Қазақстандағы Швейцария елшілігінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының әкімдерімен бірлесіп, энергия тиімділігін арттыру мақсатында жаңғыртудан өткен үш балабақшаны ресми түрде іске қосты. Енді осы әлеуметтік нысандардың 1500-ден астам балалар мен қызметкерлер жылыту, сумен қамту және жарықтандырылуы жақсартылған жайлы үй-жайларда істейтін болады.

«Қазақстан әлемдегі ең қуатты экономика ондығына кіреді. Жоғары энергия сыйымдылығы экономикалық бәсекеге қабілеттілік, қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған орта тұрғысынан ел үшін айтарлықтай шығындарға әкеледі. Осы жоба арқылы біз рентабельді жаңғырту муниципалитеттерге көміртегі шығарындыларының азаюымен байланысты ауа сапасын жақсартуға, сондай — ақ электр энергиясына шығыстарды азайту есебінен бюджеттерді едәуір үнемдеуге қалай көмектесетінін көрсетуге тырысамыз», — деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Ато Браун.

Маңғыстау облысында биыл барлығы 5 балабақша мен 1 мектеп жаңғыртылады. Ақтау қаласындағы үш балабақша жөндеу жұмыстарын жүргізгенге дейін(№ 31, № 53, № 54) энергия аудиті мен техникалық тексеруден өтті. Бүгінгі күні аталған объектілерде шатыр жөнделді, термореттелетін жылыту жүйелері мен автоматты жылу пункттері орнатылды, терезелер, есіктер мен жарықтандыру жүйелері ауыстырылды. Басқа үш нысанды — Мұнайшы ауылындағы «Балауса» балабақшасын, Жетібай ауылындағы № 3 мектепті және Ақтау қаласындағы № 42 балабақшаны қайта жаңарту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

«Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру» жобасы іске асырылған екі жыл ішінде бүкіл Қазақстан бойынша 44 әлеуметтік нысан (балабақшалар, мектептер мен ауруханалар) іріктелді. Жоба қоғамдық және әлеуметтік мекемелерде энергия тиімділігін арттыруға және энергия тиімділігін тұрақты қаржыландыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Жыл сайын денсаулық сақтау, білім және Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдерінен тұратын басқару комитеті муниципалитеттер модернизациялау үшін ұсынатын энергияны көп қажет ететін нысандарды таңдайды. Үкіметтің энергия тиімділігі секторына стратегиялық инвесторларды тарту жөніндегі күш — жігерін қолдау үшін жақында «МЖӘ-ЭСКО» (энергия сервистік компаниялар) пилоттық схемасы бойынша өтінімдерді қамтитын келесі раунд жарияланды.

Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жоба Швейцария үкіметі мен Швейцария даму және ынтымақтастық агенттігінің гранттық қаражаты есебінен Дүниежүзілік банк әкімшілендіретін Траст қоры арқылы жіберілетін 21,76 млн АҚШ доллары мөлшерінде іске асырылады. Қатысушы мекемелер, коммуналдық қызметтер мен муниципалитеттер тарапынан бірлесіп қаржыландыру 1,3 млн АҚШ долларын құрайды.

Төрт жылдық жобаны (2015-2019 жж.) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі жанындағы «Қазақэнергиясараптама «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ жүзеге асыруда.


Дереккөз: http://www.vsemirnyjbank.org/